24.11.2021

Көркем әдеби кітап оқуға баулу

Дәуренбек А. Д.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«Ақмола облысы білім басқармасының

Целиноград ауданы бойынша білім бөлімі

Төңкеріс аулының жалпы орта білім беретін мектебі» КММ

Қазіргі күндегі көкейкесті мәселенің бірі жалпы адамдар арасында кітап оқымаушылық. Әрине, мәселенің себеп-салдарын әр түрлі көрсетіп жатамыз. Ақпараттың көптігі, интернет, т.б. Дегенмен де кезінде «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» — депті жазушы М.Әуезов. [3.320]

Бүгінгі күнде балаларымызды бесіктен ауыз әдебиетінің түрлеріне сусындатпасақ та, мектеп кезеңінде төл әдебиетіміздің мөлдір қайнарынан қанып ішуге, еркін тыныстауға жағдай туғызып, қолынан жетектеп апара білу ұстаздардың міндеті деп білемін. Біздің оқушыларымыз жарысып кино кейіпкерлерін, шетелдің әртістерін тілге тиек етіп емес, ұлтымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыздары туралы тереңнен сыр шертуі керек. Небір батыр, оғландарымыз Махамбет, Кенесары, Оразмұхамед, Абылай, Хан Тәуке, өнер өлкесіндегі Қажымұқан, Шара, Күләш, Жаяу Мұса, Ақан сері, Біржан салдардың өмірі мен шығармашылығын оқи отырып, сол кездегі ұлт тарихына, салт-дәстүрлерге, қазақы мінез-құлықтың сырларына қанығады емес пе?!

Отанын сүйетін ұлтжандылықты сонымен бірге елге, жерге деген құрметпен, қиялымен қоса ойлау қабілетін дамытып, шебер сөйлеуге үйрету. Бәрі-бәрі осы көркем әдеби кітаптарды оқу арқылы бойға сіңіріледі. Аға буынның аузынан біздер кітапты қолдан-қолға түсірмей, қуып жүріп оқитынбыз деген естеліктерді жиі естиміз. Әйтсе де, оларда компьютер, телефон сияқты дүниелер болмады деп ақталамыз. Дегенмен қаншама жаңа технология қарыштап дамыған қоғам болсақ та, көркем шығармаларды оқыту еш маңызын жойған емес.

Әдебиет сабағындағы берілген үзіндіні мектеп бағдарламасы шеңберінде оқытамыз. Бірақ бала қызығып, одан әрі осы кітаптың толық нұсқасын оқиды ма, жоқ па?! Оқыса да бірлі-жарым әдебиетке бейімі бар оқушылар ғана оқитын шығар. Ал біздің айтпағымыз, шәкірттің қай салаға бейімі болса да, ана тіліміздегі төл туындыларымызды оқыту. Оқыту арқылы жетелеу, шеберлігін, шығармашылығын дамыту. Осы мақсатта ең алдымен сыныптан тыс жұмыстармен оқушының қызығушылығын арттыруды жөн санадық. Мектеп кітапханасымен бірлескен әрекетте аптаның сәрсенбі күні тәрбие ісінің меңгерушісімен ақылдаса келе жоспар даярлап, оқушыларға оқытылатын кітаптар тізімін жасап, оқуға, талқылауға ұсындық.

Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек. Бұл — оңай үрдіс емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды, ол ала қоятын зат емес. Ол – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние.

Қандай жақсы көркем шығарма болмасын оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жай күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз.

Оқушыдағы осы сезімді ояту – мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс-тәсілдерді орнымен қолдану қажет.

Сөз өнеріндегі тек пен түр, стил және бейнелік, сюжет және тартыс мәселелері зерттеліп те, айтылып та жүр. Десек те халқымыздың бағына біткен сөз зерігерлерінің өз заманымен түйдек-түйдек туып, өмірлік қайталанбас туындылар жазғаны біздің мерейіміз бен мақтанышымыз. Бірақ та ғылым жолында әр ақын мен жазушының шығармашылығын жете зерттеп, ол әдебиетімізде енді зерттеуді қажет етпейді деп айта алмаймыз. Қай дәуірдің таланты болсын, өз кеудесінен өмір шындығын айтып, өз халқымен бірге келер ұрпаққа да философияға толы тұжырымды ойлары мен құпия, шиеленіске толы шығармаларын қалдырары хақ. Дегенмен, әр сөз зерігерінің шығармашылығына әр буын өкілі, өз заманы мен уақыты тұрғысынан қарап, яғни өзіндік көзқараспен сараптап, саралап жатады, бұл бір жағынан уақыт талабы болса, екінші жағынан заман мен қоғамның, аға буын мен келер ұрпақтың сабақтасытығы болар.

Ал біздің бүгінгі қарастырып, сөз еткелі отырған тақырып – ұлтымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының еңбектеріне, өз заманының Махамбетінің қиып түсер қылышына айналған сом тұлғаларының шығармаларына оқушы зейінін аудару сол арқылы шебер сөйлеуге, ұшқыр ойлауға, рухани жағынан кемелденуге талпыну. Қазіргі күнде кітап оқыту, бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Әлемдік желі әр түрлі бұқаралық ақпарат құралдары көптеп табылатын мына қоғамда ұлт әдебиетіне оқушы назарын қалай аударамыз?! Проза мен поэзиядағы біз өмір сүріп отырған қазіргі уақыттың басты мәселелерін тереңнен толғап, жалпы адам және адамгершілік мүддесін дөп басып айтуы арқылы өз оқырманын ойландырып, түйінді ой тастап, бағыт бағдар сілтейтін жанды шығармаларға өз халқының тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінгі таңдағы жан толқытар проблемаларға жаңа кілт таба білуімен қуантатын кітаптарға деген оқушы қызығушылығын қалай оятамыз?!

Бүгінгі таңда Абай мен Мұхтар шығармаларын тек қазақ халқы емес, әлем әдебиеті мойындайды, оған да себеп адам және адамгершілік қағидаларды бүгінгі таңдағы адамзаттық құндылықтарды әдебиет әлемінде айқын көрсетуінде. Әдебиет дегеніміздің өзі адамды рухани жағынан байытып, нәрлендіру емес пе? Қазір адамның ақыл-парасатымен бірге нәпсісі үстемдік құрған кезең. Нәпсі қуаты бүгінгі жылтырақ «бұқаралық мәдениетті» туғызады. Адамды өлтіру, қорлау, зорлау, азаптау – міне қазіргі күннің қызықтырар басты тақырыптары. Ал, қазір жер жүзі «соғыс алаңына» (ойындар, кинофильмдер арқылы) айналды. Мұның бәрі жас ұрпақ санасына мысқалдап сіңе бермек. «Нәпсі философиясынан Рух философиясын жоғары қою адамзат мүддесіне сай екенін», — Мұхтар Шаханов тамаша дәлелдеп шыққан және ол Рух болмысын қорғауды проблема етіп көтерген. Бұл биік гуманистік позиция автордың әлемдік деңгейдегі ой-санасының көрінісі. Біздің ойымызша, адамзаттың бүгінгі таңдағы рухани көркем ойының биігінен қарай отырып, М. Шаханов рухани-адамгершілік құндылықтар тұрғысынан сан қырлы, еліміздің таза ұлттық рухынан тыныс алған күрделі туынды-тұлпарларын әлемдік әдебиеттің үйіріне қосты. Ендеше осы көркем әдебиет арқылы баланың әдебиетке құштарлығын, шығармашылығын, сөйлеу мәдениеті мен шеберлігін шыңдау кез-келген мұғалімнің арманы. Қазақтың кез келген көркем туындысы адамзат тарихынан сыр тартқан небір тағылым аларлық жәйттер, кесек-кесек қанатты тың ойлар, батыл тұжырымдар жан-дүниеңді баурап алып, асыл армандарға жетелейді. Тек өзің емес еліңнің, бүкіл адамзаттың болашағы үшін ақынмен бірге толғанасың, жазушымен біте қайнасып кетесің. Өзіңе де бір міндет жүктелгендей болады. Өмірден өз орныңды іздейсің. Қанша оқығанда сусының қанбайды. Қазақ поэзиясының әлемдік деңгейге көтерілгеніне мақтанғың келеді. Қандай тақырыптағы шығарманы оқысаң , ой қозғайсың, себебі оқырманын бей жай қалдырмайды. Осыларды айта келгенде, көркем әдебиет арқылы баланың ең алдымен сөздік қорына, шығармашылығына, рухани кемелденуіне пайда тигізерлік жайттарды қарастырып, шама-шарқымызша талдап, зерделеуді жөн көрдік.

Ертеден дана халқымыздың сөйлеу шеберлігін арттырып, халық тілінің қайнар бұлағына айналған – шешендік сөздер, бейнелі сөздер, мақал-мәтелдер арқылы оқушылардың сөздік қорын байыту, тіл дамыту жұмыстары арқылы іске асады. Ғасырлар бойы жинақталған тіліміздің байлығы оқушының ана тілін қастерлеп, тілдегі ұлттық рухты терең тануына мүмкіндік береді.

Көркем әдебиет – өнердің бір саласы. Көркемөнер беске бөлінеді: архитектура (сәулет өнері), скульптура (мүсін өнері), живопись (сурет өнері), музыка және әдебиет (сөз өнері).

Теоретиктердің айтуынша, әдебиет көркемөнердің ең негізгі саласы болып есептеледі. Көркем өнердің басқа түрлері бірінің жұмысын бірі атқара алмайды. Сөз өнері арқылы сәулетті сарайдың көрінісін де құйып қойғандай, адамның кескінін де, табиғаттың көрікті суретін де жасауға болады. Көркем әдебиетте кездесетін талай сұлу портрет, талай тамаша табиғат суреттері өмір құбылысын дәл, шындық бейнеде бере алумен қатар, оны оқушылары сол құбылыстың қыры мен қимылын сезінгендей дәрежеде жанды, жинақы түрде суреттей алады. Бұған скульптура, бейнелеу өнері не басқалардың мүмкіншілігі жоқ. Сөз өнерінің құдіретті күшімен ақын, жазушылар оқушыларын қуанта да, қайғырта да, күлдіре де, жылата да алады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. З.Қабдолов. Сөз өнері. Алматы. 1998 ж
  2. Сайдалин М. Білім нәрі – кітапта // Қазақстан мұғалімі. – 2017. — №5 (3488). – 3 б.
  3. Ергалиева С.Ш. Кітап – бағалы сыйлық // «Ұстаз» ғылыми-әдістемелік журнал. – 2019. — №3(84) – 87 б.
  4. Темешова Н.Р. Оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыру // «Ұстаз» ғылыми-әдістемелік журнал. – 2019. — №2(83) – 27 б.
  5. Б.Ж. Аханова. «Әдеби шығарма көркем мәтінді проблемалық талдай оқыту жолдары». 2010 ж
  6. «Даналардан шыққан сөз». У.А. 1987 ж
  7. Қазақ тілі әдістемелік нұсқау. 2009 ж.