19.11.2021

Тілдердің үштұғырлығы

Каримбаева А.Т.

ағылшын тілі пәнінің оқытушысы

«Құрылыс техникалық колледжі» МКҚК

Ақмола облысы Көкшетау қаласы

                                            «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын, 

кешегі,  бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры.»

Б.Момышұлы

Тіл —   жүректің үні ғана емес , ұлттық рухтың абыройы мен болмысы. Ал, үштілділік — нақты  тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы.

“Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы үндеуінен бастау алған болатын.

Осы үш тілді меңгере отырып, әлемде алғашқы қатардағы ел бола аламыз. Сонда қалай?- деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, өз тіліміздің бай екендігін көрсете отырып, өзге тілдерді еркін меңгере алатын ұлт ретінде дәлелдейміз. Еіншіден, шет елмен тығыз қарым-қатынас орната отырып, экономикамызды жақсартамыз. Үшіншіден,  «Жас болса да, бас бола алатын» мемлекет екендігімізді толығымен көрсетеміз.

Елімізді көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың негізі – көптілділік екені дәлелденіп отыр. Көптілділік өзара байланысты және бір-біріне тәуелді әлем жағдайында оқушыларды тәрбиелеудің негізгі құралы болып табылады. Көптілді оқытуды біз бірнеше тілдерді меңгеру арқылы әлемдік мәдениетке мақсатты түрде ену, онда игерілген тілдер арнайы білім саласымен сусындаудың, әр түрлі елдер мен халықтардың мәдени-тарихи және әлеуметтік тәжірибесін меңгерудің тәсілі ретінде түсінеміз. Заманауи жаһандану жағдайында ағылшын тілінің рөлі күшеюде, ағылышын тілін еркін меңгеру инновациялық технологияларды игеруге, экономикалық және әлеуметтік жобаларды,  ғылыми идеяларды және білім бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты мен ағылышын тілі пәнінде оқушыларға барынша түсінікті етіп, пәнді қызықты етіп өткізуге тырысамын. Себебі, әрбір баланың бойында тілге деген қызығулық болады, соны көріп аша білу керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда үш тілді еркін меңгерген оқушылар саны артуда. Әр ағылшын тілі сабағының барысында біз оқушылардың алған білімдерін әрі қарай дамытып, ұштауға тырысамыз. Сол үшін оларға қосымша материалдарды көбірек беріп, бейне жазбалар көрсетіп, дыбыстық жазбалар тыңдатамыз. Бұл өз кезегінде оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.

         Қазақ тілі, орыс тілі және шет тілдерін жетік меңгеру заманауи қоғамда адамның жеке және кәсіби іс-әрекетінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бұның барлығы практикалық және кәсіби түрде бірнеше тілдерді еркін игерген, осыған байланысты қоғамда әлеуметтік және кәсіби жағынан алдыңғы қатарда тұруға мүмкіндігі бар азаматтарға сұраныс тудыруда. Біз қоғамымызға көптілді білім беруді саналы, сауатты және дұрыс енгізу оқушылардың көпұлтты және көпмәдениетті ортаға бейімделуіне, басқа мәдениетке құрметпен қарауға септігін тигізіп, бәсекеге қабілетті, өмірде белсенді, оң көзқарастағы тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді деген сенімдемін.

        Әрбір тілді меңгерген сайын біз рухани дүниемізді байытамыз.  Сонымен қатар, еліміздің болашағы біздер яғни, жастар үш тілді де қатар меңгеруіміз керек. Жалпы алғанда, Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынаны білдіреді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады. 

Қорыта айтқанда, жақын болашақта қазақ тілін әлемге әйгілі етіп,  орыс тілі арқылы ұлтаралық  қатынасымыз өрби түсіп, ал, ағылшын тілі арқылы жаһандық экономикаға ойдағыдай кіріп қана қоймай, сол жаһандық экономикада Қазақстан ойып тұрып орын алатынына сенімім мол.