10.11.2021

«Тәуелсіздік — алтын тұғырым» эссе

Игубаева У. Р.

тарих пәнінің мұғалімі

Ақмола облысының білім басқармасының

Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі

Есмағамбет Исмаилов атындағы Мәдениет ауылының

жалпы орта білім беретін мектебі» КММ

Қай халықтың да ең үлкен мұраты, ең ізгі арманы -ел болу, тәуелсіздік туын биік ұстау, азат ғұмыр кешу. Ата- бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы  орындалған күн- қасиетті Тәуелсіздікті  алғанымызға да 30 жыл толып отыр. 1991жылдың 16 желтоқсанда біз үшін, Қазақстандықтар үшін жаңа тарих, жаңа дәуір басталды.Қазақ халқы- алып бәйтеректей тамырын тереңге тартып, өсіп-өркендеп келе жатқан жасампаз халық.Көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, қара шаңырақты сақтап қалған ұлылардың ұрпағымыз. Елбасымыз өзінің «Тәуелсіздік белестері»   еңбегінде: «Біздің халқымыз тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да, қызықты тағдыр кешті.Ол негізінен, тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті.Қазақстанның тәуелсіздік тарихы аппақ парақ бетіне күні кеше ғана түсе қалған жоқ.Бүгінгі Қазақстанның алдына уақыт қойып отырған міндеттердің ауқымымен артар жауапкершілік жүгін әлгіндей оқиғалардың таңбалы тарихи тізбегін, ата-бабаларымыздың жүздеген ұрпақтарының жанын жай таптырмаған азапты ізденістерін ескермей тұрып бағалау да, бағамдау да қиын» деп атап көрсетті. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың нағыз батыр халық екенін мойындайсың. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшіп- қонып өмір сүрген ата- бабамыз үш нәрсені бойтұмардай сақтап қалдырған. Ол-Діл, Дін және Ана тілі. Тіл- елдің қазынасы, сөйлесу құралы. Егер  тіл жоғалса  рух сөнеді, рухы сөнген халық, оты сөнген күлмен тең.Діл-елдің шығу тегі, тарихы. Егерде ел тарихынан айрылса, ділінен айрылған ағаштай қурайды. Дін- халықты бірдей ойлануға, көзқарасы ұштасуына негіз болатын құрал. Елде діни көзқарас екіге, үшке бөлінсе, мүдделердің тоғыспауы елді шайқалтатыны сөзсіз. Қазақ өз тарихында ұлт ретінде талай мәрте жойылып кете жаздап, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартты. Тәуелсіздікке дейінгі аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы- төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресі  жатыр.   Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, ірілі-ұсақты жүзден аса қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары болған екен. Олардың ең ірілері ХҮІІІ ғаырдың соңғы ширегіндегі Сырым Датұлы, ХІХ ғасырдың  басындағы Исатай мен Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Есет- Жанқожа, Маңғыстаудағы адайлар көтерілісі, 1916 жылғы Аманкелді Иманов бастаған  ұлт- азаттық қозғалысы тікелей отарлық қанауға қарсы халқымыздың айбынды күш-жігерін көрсетті. Кең байтақ даланы мекендеген ертедегі бабалрымыздың алғашқы мемлекеті- Түрік қағандығынан бастап, ертедегі қыпшақтар, оғыздар мемлекеттері тарихымызда ерекше орын қалдырған, ұлттық мемлекетіміздің негізін қалаған алғашқы егеменді елдер болатын. Қазақ даласына үлкен қайғы- қасірет әкелген Монғол- татар, Жоңғар шапқыншылығы соншама жойқын болып, халқымызды біржола жоюға бағытталса да, еркіндік пен елдіктің тамырын жасыта алмады.Осының арқасында қазақ атын иемденген халқымыз қалыптасты, тәуелсіз қазақ хандығының негізі қаланды. Қазақ халқының үлкен мемлекетке, өркениетті ортаға айналуына еңбек сіңірген алғашқы басшыларымыз Жәнібек пен Керей, Қасым хан ,Хақназар, Есім мен Тәуке есімдері ерекше аталмақ. Ал «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»  қасіреті халқымызды үлкен шырғалаңға салып, ақырында Ресей қол астына бодан етті. Қытай мен Ресей сияқты алпауытты елдер арасында арыстандай алысып, еркіндікті аңсаған елімізге дана ақылымен жол сілтеген Абылай хан, Қазыбек,  Төле, Әйтеке билермен қатар халқына қорған бола білген Қабанбай, Есет есімдерін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек.  Сан ғасырлық  тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз мен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар тұлғалар аз болмаған. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұстафа,Смағұлдар Алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Қазақ автономиясын жариялап, «міне, ел болдық,еркіндік өз қолымызға тиді» деп қуанды. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя көсемдері Алаш туы астына біріккендердің бәрін біртіндеп құртты. Қазақ халқының өміріне үлкен өзгеріс әкелген Қазан төңкерісі болды. Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бері қарай қазақтарды күштеп отырықшыландыру ақыр аяғында халықты ұлттық апатқа ұрындырды. Демограф-ғалымдардың айтуынша 1931-1933жылдардағы аштықта 2,1 млн.адамды қармағына іліктірсе, «қызыл қырғын» жылдарындағы жеке адамға табынған тоталитарлық жүйе кесірінен 101 мың қазақстандық лагерь азабын көрді, олардың 27 мыңы ату жазасына бұйырылды. Халқымыздың қаймағы болған асыл ағаларымыздың кінәсі- өз елінің қамын ойлағандығы, тәуелсіздігін аңсағандығы.               

 Кешегі өткен Ұлы Отан соғысының азабы одан кем болмады. Ұлы Отан соғысында қазақ халқы 350 мың ұл-қызынан айрылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап, қазақстандықтар барлық майданда шайқасып, ерлік көрсетті. Төлеген Тоқтаров, Талғат Бигельдинов, Бауыржан Момышұлының және шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің ерлігін ерекше атауға болады. Ол аз болғандай, 1954-1956 жылдары «еліміздің кең даласын меңгереміз, байытамыз» деп миллиард пұт астықтың астында қазақ тілінен, дінінен, әдет- ғұрпынан, мәдениетінен айырған саясат жатты. Оған қоса, Семейден басталып, Тайсойған, Нарынға дейін созылған әскери-сынақ полигондары, бұрындары айтылғандай, «бақытқа» емес, «қасіретке», жазылмас дертке душар етті. Каспий, Арал, Балқаш теңіздері тартылып, экологиялық апаттардың қаупі көбейді.Сонда да осындай бейбіт замандағы зұлматтармен күресуге ешкім белсене араласа алмады. Халық шыдамдылық танытып, болашаққа сенді. 1979-1989 жылдарда болған Ауғанстан соғысында көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Енді ғана азамат атанып, әскер қатарына алынған қаншама жігіттеріміз Ауған даласында жан тапсырды. Қазақстан бойынша жалпы алғанда 22 мың жерлесіміз Ауған соғысында болып қайтты. Олардың  761 осы соғыста құрбан болды, 21 адам із-түссіз жоғалып кетті.   Ұлы өзгерістердің бастауын 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы салды. Сондықтан біз желтоқсан ызғарын алдымен сезініп, буырқанған жастарымыздың ерлік істерін, патриоттық сезімдерін, батыл қимылдарын мақтан етеміз.Кеңес империясының темір құрсауын тас-талқан етіп,қазақ халқының ғана емес, бұрынғы кеңес халқының азаттық, егемендік, тәуелсіздік жолындағы күресіне жарқын жол ашқан, бұрынғы социалистік елдердің азаттық алуына жол ашқан Желтоқсан оқиғасы ХХғасырдың ұлт- азаттық қозғалыстың ұлы белесі ретінде тарихтың төрінен орын алды.Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздігіміздің бастауы болды, елдіктің,ерліктің, теңдіктің символы ретінде «Қазақстан Республикасының егемендігі туралы» заң қабылданды.Желтоқсанның мұзға жаққан алауы, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздік таңын тудырды.Тәуелсіздік-халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Байтақ ел, сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардың ауыз бірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан- өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік мәселелерді талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамассыз етілді.Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан дүниежүзілік экономикада өз орны бар елге айналды.Өткен 30 жылдың ішінде қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзін-өзі тану, өзінің бай, ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу,ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды.Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық  мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.    1998жылы 6 мамырда еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласын Астана деп атауға жарлық шығарды.1998 жылы 10 маусымнан жаңа астананың тұсаукесері болып өтті. «Астана бас қала»деп айтылуында үлкен сыр жатқан секілді.Қаланың әсемдігіне қарап көзің тоймайды. Жаңа қаланың ортасында бой көтерген Бәйтерек,Ақ Орда, Үкімет үйі бәрі-бәрі де ерекше сәнмен орын алады.Әр елдің астанасы мемлекетінің алтын бесігі болып табылады емес пе!?»   Ғасырлар  бойғы бабалар арманын жүзеге асырып, төрт- бес жылда Астанадай қала салған мемлекет болған емес.Біз Елбасының сындарлы саясатының арқасында жаңа ғасырға, мың жылдыққа өркениетті ұлт, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне   жаңаша керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігімізлің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей алтын күндей  Елтаңбамыз бен көкте қалықтаған қырандай желбіреген көк Туымызды, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ сезім билері анық. Тәуелсіздік-  тәңірдің біздің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.Тәуелсіздік- біздің ең басты игіліміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады.Отыз жылдық- елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс.   Міне, осы бабаларымыз көзбен көре алмай , армандап кеткен тәуелсіздікті көру  бүгінгі ұрпақтың ең үлкен бақыты. Тәуелсіздікке қантөгіссіз жетсек те, қантөгіспен жеткенімізді ұғынуымыз қажет.Бүгінгі бостандықтың, бүгінгі тәуелсіздіктің өзінен- өзі келіп, басымызға қона қоймағанына, азаттық үшін миллиондаған адамның қаны судай ағып, жаны қиналғанын ,жазықсыз зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік жолы еліміздің әрбір азаматына, үлкен төзімді, жанқиярлық еңбекті, Отанына деген сүйіспеншілікті, болашаққа деген сенім мен сабырлылықты қажет етеді.Елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына  дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу- бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.Тәуелсіздігіміз баянды болсын!Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Назарбаев. Н.Ә. «Тәуелсіздік белестері»,- Алматы: Атамұра, 2003ж                                                      2.Назарбаев Н.Ә «Ғасырлар тоғысында» Алматы, «Өнер», 1996 жыл                                                                3. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, Алматы, 2001жыл                                                                                         4. Құсайынов А. Қазақстандағы патриоттық тәрбие берудің идеологиясы мен мәні, Алматы,2003ж                 5. Джон Ордвей «Қазақстан- ерекше ел», «Егеменді Қазақстан», 2010 жыл, 6 қаңтар     

6. «Қазақстан тарихы» журналы, 2011ж, № 10       

7. «Қазақстан журналы», 2016ж, №3