08.11.2021

Инклюзивті білім беруде білікті мамандардың рөлі ерекше

Әрбір ата-ана баласының дүниеге он екі мүшесі түгел, дені сау болып туылғанын қалайды. Алайда кейбір отбасыларда түрлі себептермен өмірге «ерекше» бала дүниеге келеді. Туылғаннан бастап ерекшелігін байқаған ата-ана баласының сауығып кетуі үшін барын салып денсаулығын жақсартуға тырысады. Осы орайда инклюзивті білім беру қажеттілігі туындайды. Баланы алдымен толық тексерістен өткізіп әр балаға жеке жұмыс жүргізіледі.  Ары қарай нағыз мамандар осы жолда аянбай еңбек етеді. Әрине баламен жұмыс жасауда үлкен кәсіби шеберлік пен шыдамдылық қажет.

            Қазіргі таңда мектепке бара алмайтын балаларды оқытуды ұйымдастыру үшін екі модель қолданылады. Біріншісі үйде оқыту, екіншісі қашықтан оқыту. Мен өз тәжірибемде бірінші модель бойынша яғни үйде оқытамын. Бала үйде өзі үйренген ортада, ата-анасының  жанында оқығанымен мектепке келіп, сыныптастарымен бір партада отырып кетеді. Мен өз кезегімде педагогикалық-психологиялық тұрғыда қолдау көрсете отырып сабақ жүргіземін. Сабақ барысында белсенді оқыту әдістерін тиімді пайдаланамын. Баланың ақыл ойы сергек болу үшін әр сабақ сайын жаңашылдықпен өткізуге тырысамын. Физика пәнінен сабақ бергендіктен алдымен тақырыпқа сай құбылысты сурет немесе слайд түрінде, кейде видео арқылы көрсетемін. Бұл баланы сабақ басынан жалықтырып алмау үшін маңызды. Ары қарай есеп шығару барысында тақырып бойынша формулаларды ақ параққа шығарып алдына іліп қоямын. Бала өзіне керекті формуланы алып есеп шығарады. Есепті де оңайдан күрделіге қарай ақырындап ауысып отырамын. Әрине бұл жерде әр баланың қабілеті мен ынтасына қарай тапсырма дайындау қажет. Сабақ қорытындылау кезінде баламен міндетті түрде рефлексия жасаймын. Осы кезде бала ашылып не білді, түсінбеген сұрақтары болса, сабақтан әсері қандай болды бәрін асықпай отырып тыңдаймын. Бұл өте маңызды, өйткені баланың пікірін тыңдап оған қолдау көрсету арқылы оны алға қарай жетелейміз.

            Инклюзивті білім беруде өз тәжірибемді арттыру үшін «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған білім берудің жаңартылған мазмұнын іске асыру жағдайында инклюзивті білім беру»  атты курсқа қатыстым. Кураторымыз және лекторларымыз Жуманбаева Айгүл Оразовна, Алхатова Толкын Сериковна, Алькенова Ботагоз Камзовна, Аембаева Аяжан Ешимбаевна, Муканова Роза Ақылбаевна сынды білікті мамандар курс бойына бізге құнды ақпараттар беріп, білімімізді толықтырдық, бір-бірімізбан тәжірибе алмастық.  Курс барысында түрлі әдіс-тәсілдермен жұмыс жасадық. Электрондық тақталармен, топпен жұмыс көп болды. Курс ZOOM платформасында өтіп қашықтықтан оқытудың барлық түрлерін қолдандық. Курс соңында жобалық жұмысымызбен  тәмәмдадық. Өзімнің және әріптестерімнің атынан «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының оқытушыларына осындай құнды курстар өткізгендеріңізге үлкен рахмет.

Тайтөбе ауылының ЖОББ мектебінің физика пәні мұғалімі

Жапарова Салтанат Бақытқызы