16.08.2021

Сандар әлеміне саяхат

Букенбаева М.Х.

№ 35 мектеп — лицей

Нұр-султан қаласы Ақмола облысы

Оқыту мен тәрбиелеу процесінде жан-жақты дамыған, ерекше қабілетті оқушы, жеке тұлға тәрбиелеудің қажеттігі заман талабынан туындайды. Осы дәуірге сай ерекше қабілетті, өмір шындығын түсіне білетін қасиетке ие жеке тұлға, жаңа адам даярлау — біздің міндетіміз.

Төменгі класс оқушыларының абстрактілі (жан-жақты) ойлауы жеткіліксіздеу болғандықтан, күнделікті оқу бағдарламасынан тыс оқушының білімінің деңгейін толықтыра отырып, оның ойлауын, шамалардың арасындағы тәуелділікті ойлап, бір затты екіншісімен салыстыру, бірін екіншісіне қарама-қарсы қойып, байқаушылығын тану үшін логикалық жаттығуларды орындаудың маңызы зор.

Қандай да болсын пәнді, соның ішінде бастауыш мектептегі математиканы оқытып үйрету арнайы мақсат көздейді.
«Сандар әлеміне саяхат» оқу бағдарламасы жалпы орта білім беретін мектептің 2-3 — сынып оқушыларына арналып құрылды. Ұсынылып отырған «Сандар әлеміне саяхат» тақырыбындағы авторлық бағдарлама оқушылардың математика пәніне қызығушылығын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда математиканың пайда болуы, математикалық ертегілер, математикалық жұмбақтар, математикалық жаңылтпаштар, математикалық мақалдар енгізіліп, нақты тақырыптар бағдарламаның күнтізбелік жоспарында көрсетілген. Сонымен қатар қазіргі күннің талабына сай оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту үшін логикалық есептер, қызықты әзіл — есептер жазылды.

         Мұғалім балаға сабақта өздігінен жұмыс жасауға мүмкіндік бермесе, ал балада жасаған жұмысының нәтижесіне  қанағаттану сезімдері болмаса, өз ортасында қолынан нәтижелі іс келгеніне қуаныш сезімі ұяламаса, ешқашан сабаққа, пәнге қызығушылық болмайды.

Бұл құралда оқушыға неғұрлым көбірек жұмыс жасату мүмкіндігі қарастырылған.

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту тапсырмаларын орындауда үлкендердің басшылығы өте қажет. Баланың өз жұмысының нәтижесін талдап, оны бағалауға өресі жете бермейді.Сондықтан балаға ата-ана ,мұғалім бағыт-бағдар беріп, төзімділікпен, мейірімділікпен көмектесу керек және баланың қандай қате жауабы болса да, тапсырманы толық орындай алмаса да, түсінуге тырысқан жөн. Бұл баланың пікірін, жеке басын сыйлау болып табылады. Баланы өз бетімен білім алуға үйрету- ұстаздың басты парызы. Оқу құралының басты ұстанымы – осы.