21.06.2021

Абай музыкасы негізінде мектеп оқушыларына тағылымдық және тәрбиелік бағыт – бағдар беру жолдары

Аширбекова Г.А.

                                                Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ  педагогикалық колледжінің

міңузыка пәнінің оқытушысы

педагогика ғылымдарының магистрі

     Өлең – адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін өнер. Себебі, өлең жазушы жүрегінен сыр шертеді, оның адал ойын, өзгеге айта алмаған жан сырын жеткізеді. Қанша ай, қанша жыл өтсе де, өлеңдер ұмытылмақ емес. Қазақ халқы ақындықты ерекше жоғары бағалап, Құдайдың берген сыйы деп мадақтайды.  Сол ерекше дарын иесі- Абай. Абай – сыншыл, сыршыл ақын. Ақын өлеңдерінде заманның шындығы бейнеленіп, суреттеледі. Сонымен қатар, дара тұлға ақындық өнермен ғана шектеліп қойған жоқ, әрі сазгерлік пен күйшілік өнерді де қатар алып жүре білді. Ұлы ақын керемет әсем әуенді туындыларды дүниеге әкелген болатын. Тағылымы  биік,  зор мұра болып қалған  қазақ музыка әлемінің   шоқтығы биік туындылары жас ұрпаққа тәрбие көзі болары анық [1]. Қазақтың кәсіби музыкасының басы осы Абайдан басталады. Оның сазгерлік өнерінен сыр шерте отырып, атақты әндерінің әлем халықтары тілдерінде аударылып, кеңінен таралды. Күні бүгінге дейін біздерге жетіп отыр,  музыка зерттеушілері Абай әндерін жоғары бағалап, басқа халық композиторларының әндерінен өзгеше екенін баяндайды. Әсіресе музыка мамандары мектеп бағдарламасындағы  музыка сабағында  оқушыларға эстетикалық, рухани тәлім – тәрбие беру мақсатында Абай әуендерін, өлеңдерін, күйлерін кеңінен қолданатын болса, нұр үстіне нұр болатын еді. Абайдың музыкасының сарыны бөлек, терең мағыналы, өмірлік мәні, белгілі бір тақырыбы бар өзекті мәселені көздейтін туындылар түрі. Жалпы, оқушылардың рухани адамгершілік және тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда Абай өлеңдері мен әндерін, қара сөздерін жаттатып, құлақтарына сіңіру арқылы ғибрат алдыруға болады. Және де мектептегі музыка пәні   бағдарламасында Абай шығармашылығы жайлы мәліметтер  болуы міндетті деп ойлаймын. Мысалы, сабақ барысында оқушыларға Абайдың музыкасының  өмірмен байланыстылығын түсіндіре отырып, әндері арқылы жан-жақты танымдық есте сақтау, ести білу қабілетін, музыкалық сезімін кеңінен дамытып, түсінуді меңгерте аламыз. Абай әртүрлі тақырыптарда әндер жазған. Солардың қатарында: махаббат,  үлгі – өнеге, аударма, сыншыл бағыттағы өзінің сазгерлік шығармаларын арқау еткен болатын. Абай әндерінің сипаты туралы зерттеуші, музыканттар жоғары баға берген болатын. Абайдың ән мұрасы, композиторлық шығармашылығы қазақ музыкасына енген баға жетпес тың жаңалық болып табылады. Академик А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары еңбегінде Абай әндерінің әуені, өлшем ырғақ, құрылым – пішіні жағынан өзіне дейінгі бірде – бір халық композиторының шығармашылығына ұқсамай, айрықша дара тұрғандығын ашып керсетті [https://abaialemi.kz]. «Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық…» деген Абай. Абай әндері халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан, нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды халықтың музыкалық салтында болмаған жаңа өткір тілмен өлең текстіне құрылуы да себеп болды. Жаңа ырғақ — өлшеу, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үн сөздіктері — осы үшеуі Абай музыкасының жаңалығы болды [5, 338-339]. Қазіргі таңда музыка пәнінің басты мақсаттарының қатарында, Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, оқушыларға Абай әндерінің ерекшелігін, тәрбиелік мәнін, ақынның басты идеялық, ой толғамын  түсіндіре отырып, әсемдікке деген ұмтылысын таныта отырып, оқушыларды сұлулыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Оқушыларды Абай әндерін түсініп, ұға білуге баулу, сонымен қатар адамгершілікке,сезімталдыққа,өнерді сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу. Дамыған жаңа ғасырда  оқушылардың музыкалық сауаттылығын заманауи технологиялар мен әдіс – тәсілдерді қолдана отырып, білімдерін шыңдауға болады. Сол сияқты, Абай әндерін де жаңаша  тәсілдерді музыка сабағына кіріктіре отырып, оқушыларға түсінікті, жоғары деңгейде жеткізуге болады. XXI ғасыр жаһандану мен инновацияның заманы болғандықтан цифрлық технологияға музыканы кіріктіру арқылы балаларға әрі қабылдауға жеңіл, әрі ақын сазының түпкі тәрбиелік мақсатын түсініп, өмірлік тәжірибеде қолдануға болатынын қабылдауларына септігін тигізеді. Мысалы, сабақтың тақырыбы табиғат жайлы болса, Абайдың табиғат образын суреттеген өлең жолдарын негізге ала отырып, тақырыппен ұштастырып,  әнге байланысты  интерактивті тақтадан  анимациялық мультфильмдерді жасап, көрсету арқылы қызықты әрі түсінікті етіп өткізуге болады. Абай табиғаттың әсем сырларын, ондағы болып жатқан құбылыстарды, адам өміріне арнап жырға қосты. Сондай шығармалардың  қатарында табиғат, махаббат сырына арналған әні «Желсіз түнде жарық ай». Бұл ән естіген құлаққа жағымды, өлеңнің тұтастығымен, айқындығымен және әуенімен ерекшеленетін ән. Әуені мен өлеңі екеуі біртұтас көркем бейне жасап, көз алдымызға жарық ай астындағы әдемі тымық түн елестетеді. Әннің әуені жеңіл, лүп еткен лептен құйылғандай сабырлы, бір тегіс, құлаққа жағымды болып келеді. Абай әндеріндегі әуен иірімдері сөзбен үндестікке келгенде тыңдаушының өзін елітіп әкетеді. Сол себепті, мектеп жасындағы балаға  болсын, ересек адаға болсын тыңдауға жеңіл,  болып келеді.Міне осылайша, музыка сабағында орындалуы қажет  мақсаттар мен міндеттерді мәні мен сәні кіріскен керемет туындылар арқылы талдап, орындап  мол білім мен тәрбие жинақтауға болады.

Абайдың әндері өлмейтін өміршең әндер. Ол өмірді жырлаған. Өмір дегеніміз  айнала қоршаған табиғат, жанымыздағы адамдар, көңіл-күйіміз, сезіміміз, қарым- қатынасымыз. Яғни, Абай әндері өзімізді қоршаған ортадағы әсемдікті, ізгі қасиеттерді бойға сіңіре білумен қатар өмір сүруге бағыттайды. Абай тағылымында қаншама тәрбие мен білім жатыр.

Ал ендігі кезек те ақын шығармаларын талдап, жіктеп, көрсететін болсақ, оны екі жүйеге топтап, қарастыруға болады.

Бірінші жүйеге — шалқымалы, әсем сазды, кең үнді, нәзік сезімталдылығымен өрнектелген лирикалық: «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Сен мені не етесің?», «Өзгеге көңлім тоярсың» және тағы басқа әндері жатады. Олар өздерінің кестелі музыкалық тілімен, образдық сипатымен, сезімтал эмоциялық әсерімен ән мәдениетінде, оның ішінде лирикалық-ғашықтық әндердің классикалық үлгілеріне айналды.

Абай әндерінің екінші топтамасына тақпақ сазды, ақындық сарындарымен үндес, речитативтік әндер кіреді. Бұларда мазмұндық жағы жетекші орын алып, шағын диапазонды мақамдарда күрделі қоғамдық, әлеуметтік проблемалар көтеріледі, әзіл-сықақ, өсиет-нақыл, насихаттау, сынау тақырыптары басым келеді («Бойы бұлғаң», «Ата-анаға көз қуаныш», «Біреуден біреу артылса» және тағы басқа әндер) [4, 120].

Аталмыш әндердің арасынан «Ата-анағы көз қуанышын» алатын болсақ, бұл туынды өсіп келе жатқан жастарды адал еңбекке, білімділік пен адамгершілікке баулиды.

Абайдың бұл шығармасында тәрбиелік мән басым болса, ал сатиралық «Бойы бұлғаңда» автор өзін терең және нәзік психолог ретінде көрсетіп, өмірде кейбір адамның жағымсыз мінез-құлқын ашып әшкерелейді. Бұл әннің әр поэтикалық буыны бір дыбысқа сәйкес синхронды, яғни интонациялық тұрғыдан иірілгіш. Өлшемі ауыспалы болып, «кімді көрсем» деген өлең шумақтары кульминациялық биіктікте шырқалады. Бұл Абайдың асқан шеберлік мәнерінің айнасы.

Абайдың музыкалық мұрасында терең философиялық толғаныс, қайғылы-драмалық, жалғыздық тақырыбы «Қараңғы түнде», «Ішім өлген сыртым сау», «Сен мені не етесің?», «Қарашада өмірі түр», «Қор болды жаным», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерінде көрініс тапқан[6, 12].

Қорыта айтқанда, ақын өлеңдерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың барлығы адам баласын ойландырмай қоймайтын өсиет-өнегеге толы. Классик композитор Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің даму жолында жаңашыл көркемдік бағыт болып келген болатын. Мәнерлі интонациялық тілімен, поэтикалық үндестігімен, ұлттық сипатымен, құрылымдық және стильдік ерекшеліктерімен, эстетикалық жэне мазмұндық құндылығымен кемеңгер қаламгердің әндері мәңгілік рухани болмысымен сарқылмас ғасырлар қазынасы болып қала береді. Және сол қазынаны дәріптеп, өсіп – өркендеп  келе жатқан жас ұрпаққа сақтап жеткізіп, насихаттау біздің болашақ педагогтердің  басты мақсат – міндеті  болып табылады.

                          Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Тәжібаев Т. Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқа-растары. — Алматы, 1957.

2. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы.

3. Әлем әдебиеті. Абай Құнанбаев шығармалары – Алматы, «Жалын» 1995ж.

4. Байділдаев Ө. Музыка сабағы – 5-7 кластар үшін 1985ж., Алматы.

5. Жұбанов А. Ән-күй сапары. — Алматы: Ғылым, 1976. – 213-221-беттер.

6. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=1406.