21.06.2021

Бастауыш сынып оқушыларына сапалы білім беруде ақпараттық технологияларды қолданудың ерекшеліктері

Кусаинова А. С.

А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің магистранты

п.ғ.м., Бердыбекова Н.С.

А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы

Білім беру жүйесінде заманауи педагогикалық технологияларды қолдану қазіргі кезде ең негізгі заман талабы болып отыр. Бүгінгі күнде педагогикалық технология мәселесі теориялық және ғылыми қолданбалы бағыт тұрғысынан зерттеу арқауы болып табылады. Теориялық тұрғыдан алып қарағанда, педагогикалық технология педагогиканың категориясы ретінде қарастырылады, оның мәні, құрылымы айқындалады; педагогикалық іс-әрекеттің әр түрлі саласындағы (дидактика, тәрбие, білім беруді басқару) педагогикалық технологияның ғылыми негіздері оқып үйреніледі; педагогикалық технологияны жобалаудың әдіснамасы мен теориясы зерттеледі, педагогикалық технология теориясының негіздері ашып көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 11 – бабының 9 тармағында оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану міндеті қойылған [1].

Білім беру үрдісінде оқытудың жаңа технологияларын айқындайтын әдістемелік, педагогикалық басылымдармен танысу. Сабақта оқытудың жаңа технологияларын тиімді қолдана білу. Оқушының таным белсенділігін қалыптастыру барысында шығармашылық ізденістің тиімді жолдарын үйрету, білім сапасын көтеру. Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Олай болса, білім беруді ізгілендіру, ақпараттандыру – бүгінгі заман талабы. Ақпараттық білімнің, орта мен адамның өзара қарым-қатынасын үйлесімді ету және жаңа ақпараттық қоғамда ақпараттық технологияны пайдалану, ақпараттық мәдениетпен байланысын кеңейту мүмкіндіктері мол. Өркениеттің өсуі ақпараттық қоғамның қалыптасуымен тікелей байланысты екенін ескерсек, қазіргі кездегі білім мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білім мен кәсіби іскерліктердің болуын, жастардың белсенді шығармашылықпен жұмыс істеуін талап етеді [2].

Қазіргі заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр. Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлау-құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және оқушы әлеуметінің ақпараттық сауатты болып өсуі мен ғасыр ағымына бейімделе білуге тәрбиелеу, яғни ақпараттық қоғамға бейімдеу. Ақпараттық технология – қазіргі компьютерлік техника негізінде ақпаратты жинау, сақтау, өндеу және тасымалдау істерін қамтамасыз ететін математикалық және кибернетикалық тәсілдер мен қазіргі техникалық құралдар жиыны. Коммуникация – ақпаратты тасымалдап жеткізу әдістері мен механизмдерін және оларды жазып жинақтап жеткізу құрылғыларын қамтитын жалпы ұғым. Ақпараттық – коммуникациялық технологияны дамыту білім берудің бір бөлігі. Заман ағымына сай күнделікті сабаққа компьютер, электрондық оқулық, интерактивті тақта қолдану жақсы нәтиже беруде. Білім беру жүйесі электрондық байланыс, ақпарат алмасу, интернет, электрондық пошта, телеконференция, On-line сабақтар арқылы іске асырылуда [3].

XXI ғасыр озық технологиялар ғасыры. Сондықтан білім беру жүйесінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану заман талабы. Қазіргі кезде ақпараттық технология, қашықтан оқыту, мультимедиялық технологиядың маңызы өте зор. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын ғана емес, оның жеке бас тұлғасын, білім алу арқылы азамат ретінде дамуын қойып отыр. Дəстүрлі оқыту білім алушыларға дайын, жаңаша оқыту технологиясы процесін ұйымдастыру, басқару жəне бақылау болып табылады. Жаңаша оқыту технологиясы белгіленген мақсатқа нəтижелі қол жеткізуді қамтамасыз етуде оқытудың формасы, əдістері мен құралдарын ашып көрсетіп, оқу бағдарламасында белгіленген оқытудың мазмұнын жүзеге асыру тəсілі. Оқытуды жаңаша ұйымдастыруда мына міндеттерді қамтуы тиіс:

1. Оқушыларды оқу үрдісін басқаруға қатыстыру;

2. Ұжымдық іс-əрекетті ортақ қарым-қатынас құралы ету;

3. Деңгейіне қарап саралап, ерекшелігіне қарап даралап оқыту.

Міне, осы міндеттерді қамтитын «ақпараттық оқыту жүйесі», «қашықтан оқыту жүйесі», «сын тұрғысынан ойлау» жүйесі білім алушылардың даму заңдылықтарын ескере отырып, теориялық ойлауға бағытталған іс-əрекет арқылы баланың жақын даму аймағында оқытады. Нақ осы мəселелерді жүзеге асыруға бағытталған оқыту технологияларының көпшілігі ұжымдық ой қызметі негізінде баланы өз іс-əрекетінің субъектісі етуге ұмтылады, мақсатты оқу іс-əрекеті барысында нақты оқу міндеттерін шеше отырып, даму педагогикалық ықпалдың алдын алатын іс-əрекеттік оқыту тəсілі арқылы балада ақпараттық жəне жалпы біліммен қатар, амалдар мен құндылықтар жиынтығын, біліктілігін қалыптастырады [4].

Əр жаңа технология, жобалар білім саласындағы жаңалықтардың басты мақсат, міндеттері бір- біріне жуық, мəндес болып келетіні бізге мəлім. Білім беру жүйесі тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі – білім сапасы. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстанда адам капиталының сапалы өсуі бұл, ең алдымен, білім жəне денсаулық сақтау. Оқыту үдерісіне заманауи əдістеме мен технологияны енгізу, педагогикалық құрамның сапасын арттыру, біліктілікті растайтын тəуелсіз жүйені құру, жастар үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейту қажет. Білім тек білім беріп қана қоймай, сондай-ақ алған білімін əлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалануға икемделуі керек» делінген [5].

Ұстаздың қоғам өмірінде алатын орны мен олар атқарып отырған міндеттердің айрықша маңыздылығын Елбасымыз Н. Назарбаев: «Мұғалімдер қоғамның ең білімді, ең отаншыл, ең санампаз бөлігі болып табылады», деп атап көрсетті. Əр мұғалім күнделікті сабақта өз ісін зерттеп, жаңашыл əдіс-тəсілдермен оқушының білім сапасын арттыруы керек. Соның бірі ақпараттық технология.

Ақпараттық технология – ақпараттарды жинау, сақтау жəне өңдеу үшін бір технологиялық тізбекте біріктірілген əдістер – технологиялық құралдардың жиынтығы. Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, білім мен мəліметтерді əр түрлі формада ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге көмектесе алады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бап 7-тармағында: «Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» міндеті қойылған [6]. Оқу орындарында компьютермен жұмыс істеу өте пайдалы. Өйткені нашар оқитын білім алушының өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығады, себебі балаға компьютер білмеген жерін көрсетіп, көмекке келеді. Заман талабына сай техникалық құралдарды әр түрлі сабақтарда қолдану мұғалім жетістігіне апаратын тиімді жол.

Бүгінгі күні инновациялық әдістер мен ақпараттық технологиялар қолдану арқылы оқушының ойлау қабілетін арттырып, ізденушілігін дамытып, қызығушылығын тудыру, белсенділігін арттыру ең негізгі мақсат болып айқындалады.

Қазіргі білім беру ісінің басты шарттарының бірі болып білім алушының өзіне керекті мәліметті өзі іздеп табуына үйретіп, олардың өз оқу траекторияларын өзінің таңдай білуі есептеледі. Менің ойымша, ақпараттық-білім беру ортасын жобалаудағы басты мақсат оқушының өздігінен оқуға талаптандыру, яғни ізденімпаздыққа үйрету болып саналады.

Осылайша оқыту құралдарының бірі – электрондық оқулық. Ол оқушыларды даралай оқытуда жаңа информацияларды жеткізуге, сондай-ақ игерілген білім мен біліктерді тесттік бақылауға арналған программалық құрал.Білім беру жүйесінде электронды оқулықтарды пайдаланып, үлкен табыстарға жетуге болады. Электронды оқулықтарды пайдалану барысында оқушы екі жақты білім алады: біріншісі -пәндік білім, екіншісі — компьютерлік білім. Электронды оқулықтарды пайдалану оқушының өз бетінше шығармашылық жұмыс жасауына, теориялық білімін практикамен ұштастыруына мүмкіндік береді. Электронды оқулық арқылы оқушы көптеген қосымша материал ала алады, осы алған мәліметтерін компьютерден көргендіктен есінде жақсы сақтайды, өз бетінше жұмыс жасау қабілеті қалыптасады. Осылайша жас ұрпақты оқытуда инновацияны пайдаланудың – шығармашылық жетістіктің негізгі көзі [7].

Электрондық оқулықпен оқытудың негізгі мақсаты – оқыту үрдісін үздіксіз және толық деңгейін бақылау, сонымен қатар ақпараттық-ізденіс қабілетін , шығармашылық қабілетін дамыту. Мұның тиімді жағы: электронды оқулықта әр сабаққа арналған бейне көрініс, анықтама сөздік, диктант, тест тапсырмаларын , қайталау сұрақтарын пайдалана аламыз. Электронды оқулықты қолдану арқылы сабақта техникалық құралдарды, дидактикалық материалдарды қолдану тиімділігі, оқушының пәнге қызығушылығы, білім, білік, дағды деңгейін қалыптастыруы, білімнің тереңдігі, тексеру түрлері, бағалауы, практикалық дағдыларды игеруі артады. Оқушылардың өздері де алынған ақпаратты көшіріп алып, онымен өз ыңғайына қарай жұмыс істей алады .

Ойымызды қорытындылай келе, ұстаз үшін нәтижеге жету шәкіртінің білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен алуы және алған білімдерін қажетіне қолдану болып табылады. Бүгінгі бала – ертеңгі жаңа әлем. Бүгінгі күні ақпараттар ағымы өте көп. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны пайдалана алатын, Он-лайн режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген мұғалім болуы тиіс. Заман талабына сай жаңа технология әдістерін үйрету, бағыт-бағдар беруші – мұғалімдерміз. Оқушылардың жаңа тұрмысқа, жаңа оқуға, жаңа қатынастарға бейімделуі тиіс. Осы үрдіспен бәсекеге сай дамыған елдердің қатарына ену ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктелетінін ұмытпауымыз керек.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.

2. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2011 жыл.

3. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

4. Ишанғалиева А.М. Құзыреттілік білім мен мүмкіндіктің бірігуі // Шетел тілін оқыту əдістемесі. — № 2. -34-б.

5. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың «Əлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа жолдауы // Егемен Қазақстан., 2012.  № 41-42 (27114). — 28 қаңт.

6. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Қазақстан мұғалімі. — 1999. — 23 шілде. — 2–5-б.

7. Мұхамбетжанова С.Т., Мелдебекова М.Т. Педагогтардың ақпараттық – коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша құзырлылықтарын қалыптастыру әдістемесі. Алматы: ЖШС «Дайыр Баспа», 2010 ж.