14.06.2021

Абайдың қара сөздеріндегі педагогикалық-психологиялық көзқарастың тәрбиелік маңызы

Есенгалиева А. Е. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті магистранты

Касымбекова Б. А. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті әлеуметтік –педагогикалық пәндер кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

«Адамзат баласының алдында үш айғақты зор міндет тұр: бірі -бейбітшілікті, екіншісі — руханиятты, үшіншісі — табиғатты қорғау һәм сақтапқалу. Бұлардың қай — қайсысы да біздің тіршілігіміздің басты бағдары. Бір -бірін  толықтыратын  ұғымдар. Осы үш бастауға  Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің болашағы байлаулы» деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы адамзат баласының өмір сүруіне қажет деп танитын осы үш фактор. Мұның ішінде, әсіресе «руханият» ең маңыздысы. Себебі, адам баласы рухани азықсыз өмір сүре алмайды. Жалпы, әлемдегі кез — келген халықты алып қарасақ та ең алдымен тәлім — тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді, болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азық сіңіруге тырысады. Өйткені тәлім — тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше. Атақты ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әл Фарабидің де «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген аталы сөзі бар. Осыдан — ақ тәрбиенің адам өміріндегі маңызын көруге болады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері халыққа ерекше тәрбие береді, адамгершілікке үндейді. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Мұның барлығы адамзатты адамгершілікке жетелеу мақсатында еді. Енді ақынның бірнеше қара сөздеріне көңіл аударып көрелік. Абайдың қара сөздерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін. Адамның қолын бақытқа жеткізетін ілім — білімді игеру де жастардың ғана қолынан келетін іс. Қартайған адам қанша ұмтылса да, өндірері аз болмақ. Сондықтан білімге ұмтылған жастар ұлы ақынның бұл айтқандарын берік есте сақтауы қажет[1].

йындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», — дейді.

«Ұят кімде болса, иман сонда» деген қазақтың мақалынан да ұятқа үлкен мән бергенін көреміз. Сондықтан да ұлы ақынымыз Абай да бұл мәселеге аса көңіл бөліп, өскелең ұрпақтың ар – ұяттарын таза сақтауын арман еткен. Бұл қара сөздің  бүгінгі таңда да  тәрбиелік мәні зор.

Абай Құнанбайұлының дәуірінде айтып кеткен атама сөздерінің әлі күнге дейін өз өмірімізге қажеттілігін ұғындық. Оның адамгершілікке баулыған, тәрбиеге негізделген қара сөздері арқылы  рухани азық алдық, адамдық сипатта бой түзеуге тырыстық. Демек бұл ақынның халықпен бірге жасағандығы. Ақын мұрасы – халықтың сарқылмас асыл қазынасы. Әр қазақта тәлім алар ғибратты сөздер көп болғай.

«Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі, көкірегі байлаулы берік болмақ керек. Екінші, сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғыну керек. Үшінші, сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек. Төртінші, ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер ой кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».

Абайдың бұл әңгімелерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін. Адамның қолын бақытқа жеткізетін ілім-білімді игеру де жастардың ғана қолынан келетін іс. Қартайған адам қанша ұмтылса да, өндірері аз болмақ. Сондықтан білімге ұмтылған жастар ұлы ақынның бұл айтқандарын берік есте сақтауы қажет[2].

Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздері жоғарғы ілім-білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық, мақтаншақтық мінездерді шенеуге арналады. «Бірлік, тірлік» деген сөз ұғымдарының мәнін аша келіп, «Алтыншы сөзінде» Абай: «Бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес», — десе, сол әңгімесінің екінші жерінде: «Ырыс алды — тірлік» дейді. Ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар… Жанын қорғалап жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады… Тірлік олар емес, көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады, өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Ал еңбекпен ерінбей мал табуға жігер қыла алмайсыз.

Абайдың бір алуан әңгімелері өз кезіндегі ел билеуші, үстемдік етушілерді сынауға, шенеуге арналады. Автор бұл мәселеде де өзінің шын мәнінде реалистігін көрсетеді. Сынау әртүрлі. Кейде ақын-жазушылар сол таптың жыршысы бола отырып, өз табы өкілдерінің кемшіліктерін сол өз табының көзқарасы тұрғысынан сынап, сол сыны арқылы кемшіліктерін жойып, оның үстемдігін бекіте түсуге өзінше ат салысуды, көмектесуді нысана етеді.

Абай өз кезіндегі үстем тап өкілдерінің мінез-құлық, іс-әрекетін сынағанда, мәселеге халық көзқарасы тұрғысынан қарайды. Елді ел ету үшін бөгет болып отырған жайттарды, оларды қалай жою керектігін және қандай шаралар қолдану қажет деген сұрауларға жауап іздейді.

Өзінің өлеңдеріндегі тәрізді қара сөздерінде де ұрлық, парақорлық, пәлеқорлық, партиягерлік, мансапқорлық, тағы басқалар елдің ел болуына зор бөгет екендігін айта келіп, «Қырық бірінші сөзінде» Абай екі нәрсе ұсынады: біріншісі — «Бек зор үкімет», екіншісі — қаржы. Үкіметтің күшімен қазақтың ұл, қыздарын еріксіз түрде мектепке беріп, оларды ғылымның әр саласынан мамандандырып, ой-санасын жаңаша тәрбиелеп, бұрынғылардан мүлде өзге психология, өзгеше наным-сенімдегі адамдар етіп шығарса, сонда ғана елдің түзелетіндігін айтқан [3].

Бірақ жұрттың бәрін қорқытып, зорлауға, не үгіт арқылы түсіндіруге мүмкін емес. Сондықтан олардың бірқатарына ақшаның күші арқылы балаларын оқуға тартуға жағдай жасау керек. Мұның екеуі де мүмкін емес, «енді не қылдық, не болдық?» деп, ақын тұйыққа тіреледі. Абай кезінде оқуға бала берудің өзі қазақта үлкен мәселе болатын. Балғожа би тәрізді заман ағымын түсінушілер, не Абайдың өзі тәрізді бірен-саран көзі ашықтар болмаса, жалпы көпшілік орысша мектепте бала оқытуға ұмтылмайтын. Балалары ауылдағы дүмше, надан молдалардан оқып тіл сындырса, «Иманшартты» оқи білсе, сол да жарайды деп қанағаттанатын. Бұған екі түрлі себеп болды. Біріншісі — мал шаруашылығы, көшпелілікпен күн көрген қазақ елінің ғасырлар бойы мәдениеттен кейін қалушылығы болса, екіншісі — орыс мәдениетінен гөрі, ел ішіне бұрынырақ таралған және бір кезде патша өкіметінің өзі қолдаған қадем оқуы, діншілдіктің кертартпалығы. Қазақ халқына ислам дінін кең жаюға тырысқан қожа, молдалардың да бұл мәселеде тигізген зияны аз емес. Олар орысша оқыған адам діннен шығады, кәпір өтеді деп, халықты қорқыту, шошыту жұмыстарын жүргізді. Осы жағдайлардың барлығын өз көзімен көріп, олардың сыры мен қырын терең түсінген Абай өзінің өлеңдерінде де, қара сөздерінде де қазақтың ынтымақты ел болуы үшін мәдениетке ілесуі, оқуға, ғылымға ұмтылуы керектігін дұрыс түсініп, жоғарғы айтылған сан бөгеттерді ағарту жұмыстарының күші арқылы жою, сөйтіп өз халқын басқа мәдениетті елдердің қатарына жеткізуді арман етті. Абайдың көптеген қара сөздері осы идеяны үндеуге арналады.

Әрине, жалаң, тек қана ағартушылық арқылы барлық іс бүтінделмейді. Әйтсе де Абайдың өмір сүрген кезін, оның өскен ортасын, сол дәуірдегі қазақтың жағдайын еске алсақ, Абай ұсынған жолдардың прогрессивтік үлкен мәні барлығын мойындамасқа болмайды [4].

Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әрқайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке-жеке үшеуінде де кемшілік бар. «…Осы үшеуің басыңды қос, оның ішін де жүрекке билет», — деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», — дейді оларға ғылым.

Абайдың кейбір қара сөздері қазақтың мақал-мәтелдерін талдауға, мәнін ашуға арналады. Мысалы, «Бесінші сөзі», «Жиырма тоғызыншы сөзі». Бұл сөздерінде ақын қазақтың мақал-мәтелдерінің ішіндегі ең теріс дегендерінің, жақсылыққа емес, жамандыққа тәрбиелейтіндерінің астарлы сынын  ашады. «Мал — адамның бауыр еті», «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», тағы басқа мақалдарды келтіреді де, оларға төмендегіше талдау береді.

«Бұл мақалдардан не шықты? Мәлім болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, бірақ бар білгені малдыларды алдап алмақ, яки мақтап алмақ екен, бермесе, оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек», — дей келіп, «Жиырма тоғызыншы сөзінде»: «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма», — дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген — ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп, қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не терден сұрау керек қой [5].

 «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын ант ұрғанның  жанынан да малы қымбат екен. Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе?»

Әрине, бұл айтылғандардан Абай қазақтың мақал-мәтелдерінің бәріне қарсы екен деген ұғым тумасқа керек. «Біздің қазақ мақалдарының көбінің іске татырлығы бар», — деп өзі айтқан және керектілерін өз туындыларында іске татытқан да.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

[2]  Сапарамен Б. Қазақ әдебиеті. –Алматы: «Атамұра», -2000. — 7б.

[3] Байқонақова Р. Абайдың психологиялық көзқарастары, — Экологиялық жаршы, — 2005. -9 б.

[4]  Ильна Т. Педагогика, — Алматы: «Білім», 2003. -11 б.

[5] Харламов. Н. Педагогика, — Алматы: «Білім», 2000. -14 б.